Ұлттың интеллектуалдық әлеуеті төмендемеуі тиіс – Елбасы

Ел мен қоғамның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа құрылым әзірлеу керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Уақыт талабымен экономикалық, технологиялық һәм әлеуметтік ахуал өзгерсе де, біздің ұлттық мүддеміз мызғымайды. Жердің тұтастығы, елдің бірлігі, саяси тұрақтылық пен халықтың әл ауқатына әркез айрықша көңіл бөлінеді. Мұны бүгін қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Алқалы жиында 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі тетіктері мен Қарулы күштерімізді қаруландыру жоспары, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту жайы қаралды. Тұңғыш Президент биологиялық қатерлерге қарсы іс-қимыл күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Бұған әлемге таралған инфекциялық һәм өзге де аурулар дәлел. Сондықтан денсаулық сақтау саласын ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың базалық компоненті деп санау керек.

«Ұлттың интеллектуалдық әлеуеті төмендемеуі тиіс. Төмендесе, нағыз қауіп осы», - деді Елбасы.