Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Н.Назарбаев қандай мәселелерді көтерді

Қазақстанның егемендігі, аумақтық тұтастығы, бірлік пен саяси тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік әділдік.

Бұлар экономикалық, технологиялық, әлеуметтік ахуал мен сыртқы жағдайлар өзгерсе де, ешқашан мызғымайтын ұлттық мүдделеріміз. Бүгін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елбасының төрағалығымен өткен жиында екі мәселе қаралды. Бірі – 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы, екіншісі – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мен Қарулы күштерді қайта қаруландыру жоспары.

Қазір көп мемлекет қауіпсіздік мәселесіне келгенде сапалы өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздікке әсері бар деген дәстүрлі қауіп-қатерлердің өзгеріп жатқанын айтты. Ассиметриялық және гибридтік қауіптер соның дәлелі.

Осынау алмағайып тұста ұлттық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасы керек. Сыртқы жағдай құбылып, экономикалық, технологиялық, әлеуметтік ахуал қанша өзгерсе де, егемендік, аумақтық тұтастық, бірлік пен саяси тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік әділдік секілді ұлттық мүдделердің негізі бекем. «Осы құндылықтарды сақтап, Тәуелсіздікті нығайту – Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының өзегі», - деді Елбасы.

Денсаулық сақтау жүйесі – ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі бөлігінің бірі. Елбасы салаға қатысты көзқарас осындай болуы керек санайды. Қазіргі пандемия жағдайында әлеуметтік-экономикалық шығын болады. Азаматтардың табысы азайып, салалардың, аймақтар мен елді мекендердің дамуында алшақтық туады. Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта мақсатты түрде жұмыс істеу керек екенін айтты.

Биологиялық қауіпсіздік мәселесі адамзатты алаңдады. Әсіресе инфекциялық және кейбір аурулар жаһандық қауіп-қатер санатына қосылған тұста дайындықты күшейту керек. Бұл да Нұрсұлтан Назарбаев баса айтқан бір мәселе. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық, ақпараттық және киберқауіпсіздік мәселелеріне, әсіресе, адам капиталы қауіпсіздігіне жеке тоқталды.

Қауіптің жаңасымен қатар, дәстүрлі түрлері де әңгімеге арқау болды. Негізгі сын-қатер сыртқы күштердің өзара текетіресінде жатыр. Орталық Азия мен оның төңірегінде тұрақсыз аймақтардың құрылу мүмкіндігі, террористік, радикалды, қылмыстық және басқа да іріткі салушы күштердің өңірде шоғырлануы алаңдатады.

Отырыста қаралған екінші мәселе – Қарулы күштерді дамыту. «Жаңа технологиялар енгізуді және қару-жарақ пен әскери техника өндірісіндегі технологиялық прогресті есепке ала отырып, қарулы күштерді жетілдіру қажет», - деді Елбасы.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысын қорытындылай келе Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы күштердің, басқа әскерлер мен күштік құрылымдардың әскери дайындық деңгейін көтеретін, аумақтық қорғаныс күштерін нығайтатын нақты тапсырмалар берді.

Авторлар: Дархан Әбдуахит және Айдос Ентебеков