427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: еліміздің жетістіктері шетелдік БАҚ-та насихатталады

  • 2903
  • UPD: 21:02, 05.02.2021

Тәу етер қастерлі Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл! Тәңірдің өзі тарту еткен еркіндік әрқайсымызға қымбат.

Енді егемендіктің мерейтойын ел есінде қалатындай атап өту міндет. Даңғаза астамшылдыққа жол берілмейді. Қызыл сөз бен құрғақ мақалалар жариялау жарамайды.

Тәуелсіздік тойының әр азаматқа берері мол болуға тиіс. Жасалған іске халықтың көңілі толуға тиіс. Бүгін Президент мемлекеттік комиссияның отырысын өткізіп, Үкімет пен әкімдерге осы бағытта бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы құр даңғазалық, ысырапшылдықпен өтпеуге тиіс. Мемлекет басшысы бұл әдеттен арылу қажеттігін таяуда жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жазды. Үкімет бұл жолғы отырыста 900-ден астам іс-шараның жоспарын ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мақаладағы тапсырмалар тиянақты іске асырылуы тиіс. Құр даңғазалық пен ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Пандемия кезіндегі барлық қауіпсіздік талаптары сақталатын болады. Әрбір іс-шараны елге пайдасын тиетін істерге ұластыру қажет. Экономика, білім, ғылым салалары бойынша тың жобалар қолға алынады.

Президент айтты, тәуелсіздіктің 30 жылдығына мерейтой ретінде қарамау керек, ол ең алдымен тарихи мәні бар оқиға. Болашаққа деген ұстаным, көзқарасты айқындайтын маңызды белес.

Үкімет жоспарына сай, тәуелсіздіктің 30 жылдығы халықаралық және республикалық деңгейде тойланады. Осы аралықта қол жеткен табыстар өзімізден бөлек шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында да насихатталмақ.

Бәрінен маңыздысы – экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалардың жалғасы. Осы өркенді істер аясында халықтың жағдайын жақсартсақ, 30 жылдыққа үлкен сый осы болмақ деді Мемлекет басшысы.

Ел алдында жекешелендіру мен халықтық айпио сынды маңызды бағдарламалар тұр. Жекешелендіру аясында жалпы сомасы 5 трлн теңгенің активтері бәсекелестік ортаға берілeді.

Індет әлі біткен жоқ, демек босаңсуға ерте. Президент пандемия кезінде елдегі еріктілердің жұмысы жанданғанын айтты. Бұл азаматтық қоғамның белсенділігі мен сол іргелі істердің бастауында жастардың тұрғанын аңғартады. Бірақ өскелең ұрпақ арасында жұмыссыздық белең ала бастаған.

Енді әкімдіктердің жұмысын бағалау индексіне жастардың даму көрсеткіші де қосылады. Әкімдер сол үшін жауапты болады.

Шетелде көптеген озық ойлы жастарымыз жүр. Ел ішінде де жетіп артылады. Келешекте мемлекеттің тұтқасын ұстайтын солар. Бірақ елден жырақта жүргендерінің жайы алаңдатады. Олардың Отанға оралуы үшін алдағы 10 жылда жастарға арналған жобалар көбірек жүзеге асады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әлемде ұжымдық ынтымақтастықтың бір түрі ретінде краудфандинг бағыты танылып келе жатыр. Оны азаматтардың қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуге қатыстырудың негізгі бағытының бірі ретінде бағалауға болады. Сондықтан Astana Hub технопаркінің базасында бірыңғай краудфандинг тұғырнамасын жасаудың мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.

Ұлт үшін ұлы есімдерді ардақтау - перзенттік парыз. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылды Абай мен Әл-Фараби жылы деп жарияладық, енді биыл Жыр алыбы Жамбылдың, Алаш арысы Әлиханның және жауырыны жерге тимеген балуан Қажымұқанның мерейтойларын атап өту жөнінде тапсырма берді. Одан бөлек, ұлт тарихын академиялық тұрғыда қайта жазу мәселесі көтерілді.

Елде өндіріс өркен жайып келеді. Қай салада да ілгерілеушілік бар. Бірақ экология мәселесі көпшілікті алаңдатады.

Жиынды қорытындылай келе, Президент құр мақтау мен мадаққа қатысты тағы сын айтты. Үкімет соған сай жоспарын қайта қарайтын болды.

Осылайша, мерейтойды атап өту жобасы Мемлекет басшысына таныстырылды. Іс-шаралар осы жылдың екінші жартысынан бастап ұйымдастырыла бастайды. Ол үшін мемлекеттік комиссияның тағы бір отырысын өткізу жоспарда бар.

Рауан Мыңбаев, Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы