Сенаторлар дипломатиялық қызмет туралы заң жобасын қарайды

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті.

Онда депутаттар 11 ақпанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін талқылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Алдағы отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Бұл құжат қолданыстағы дипломатиялық қызмет туралы заң нормаларын жетілдіруге және осы бағыттағы олқылықтарды жоюға арналған.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. Аталған заң жобасы ядролық технологияларды қолдануға, сақтауға және тасымалдауға қатысты туындайтын қауіп-қатерді азайтуды көздейді.

Сонымен қатар Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары тұрақты комитеттерге бөлініп берілді.