Қазақстандық бітімгерлер халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын зерделеуде

Қазақстандық бітімгершілік полкінің оқу-жаттығу орталығының базасында бесінші ротация әскери қызметшілерін Ливан Республикасындағы миссияға даярлау жүргізілуде.

Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Қазақстан Республикасындағы өкілдігі Қазақстанның бітімгершілік контингентін БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысуға даярлау шеңберінде әскери қызметшілермен кезекті тренинг өткізді.

Екі күн бойы 25 әскери қызметші халықаралық гуманитарлық құқық мәселелері бойынша оқып, бітімгершілік операциялары кезінде соғыс жүргізу қағидаларының қолдану ерекшеліктерін талқылады, сондай-ақ іс жүзінде мысалдар келтірді.

«Бүгінгі алған білім қарулы қақтығыс жағдайларында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қолдануда қазақстандық әскери қызметшілердің әлеуетін нығайтуға қызмет етеді деп үміттенеміз», – деп атап өтті Қазақстан Республикасындағы ХҚКК миссиясының басшысы Мәдина Бәкиева.

Іс-шара Халықаралық Қызыл Крест комитеті мен Қорғаныс министрлігі арасындағы ынтымақтастықтың жылдық жоспарын іске асыру аясында өтті.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Ливан Республикасында төртінші бітімгершілік рота бар, оның миссиясы осы жылы наурыз айында аяқталады.