А.Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысын өткізді

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысын өткізді.

Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында кәсіпкерлікті қолдау бойынша мақұлданған шаралар туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, жеңілдікті несие беру бағдарламаларының мониторинг нәтижелері және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау туралы премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы бойынша бизнеске жүргізілген сауалнаманың аралық қорытындылары, микроқаржы ұйымдарының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының мәселелері және өңірлердегі ШОБ-тың даму әлеуеті туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады.

Отырысқа Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, даму институттарының, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, өңірлік кәсіпкерлер палатасының және т.б. өкілдері қатысты. 

Биыл 29 қаңтарда өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында бизнесті дамытуды одан әрі ынталандыру бойынша келесі шаралар қаралды:

– бірыңғай төлеммен бесеуінің орнына бірыңғай мөлшерлемені белгілей отырып, еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету;

– жаңа өндірістік компаниялар үшін 2 жыл ішінде ҚҚС-ты азайту;

– қайта инвестициялауға бағытталған табыстың бір бөлігін корпоративтік табыс салығынан босату;

– Үкімет инвестициялар туралы келісімдер жасасатын басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту (өңдеу өнеркәсібі, АӨК, машина жасау, азық-түлік және дайын өнім өндіретін, терең өңдеу бойынша басқа да салалар);

– жеке кәсіпкерлер үшін салық міндеттемелерін тіркеуді және орындауды жеңілдету;

– сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету салаларындағы бизнеске қойылатын барлық талаптарды үштен бір бөлігіне қысқарту;

– «Бизнестің жол картасы-2025» субсидиялау бағдарламасына микроқаржы ұйымдарын қосу;

– қоғамдық тамақтану саласы үшін 6% мөлшерлеме бойынша бөлшек салық режимін енгізу.

Ақпарат көзі: primeminister.kz