Қ.Тоқаевтың жарлығымен Украина депутаты II дәрежелі «Достық» орденімен наградталды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Украина Жоғарғы Радасының халық депутаты Иван Кириленко II дәрежелі «Достық» орденімен наградталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Награданы Қазақстанның Украинадағы Өкілетті және Төтенше елшісі Дархан Қалетаев табыстады. Мұндай мәртебелі марапат Кириленкоға – Қазақстан мен Украина халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілген. Иван Кириленко – 2000-2002 жылдары Украинаның ауыл шаруашылық саясат министрі, 2002 мен 2005 жылдары Украина вице-премьер-министрі қызметін атқарған. 2019 жылы Украинаның танымал саяси тұлғасы Юлия Тимошенко басқаратын «Батькивщина» партиясының атынан Жоғарғы Радаға халық депутаты болып сайланды. «Достық» ордені мен үшін зор мәртебе дей келе, Жоғарғы Рада депутаты Қазақстан халқына және оның басшысына арнамыз арқылы зор алғысын жеткізді.

Иван Кириленко, Украина жоғарғы радасының халық депутаты:

- Бұл маған ғана емес, менің командама, тіпті Украинаға берілген марапат деп білемін. Наградаға лайық болу үшін екі елдің қарым-қатынасын бекемдей түсу жолында әлі талай жұмыс атқаруымыз қажет. Қазақстан халқы және оның басшылығына зор алғысымды білдіремін.