419,41 505.95 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ашаршылыққа мемлекеттік органдар тарапынан баға беріледі – М. Әшімбаев

  • 119
  • UPD: 18:38, 16.02.2021

Өткен ғасырдың 20, 30-жылдарындағы ашаршылық тек қазақ халқының басына түскен нәубет емес, сол кездегі кеңес үкіметі құрамында болған барша ұлттың қасіреті. Енді ашаршылыққа мемлекеттік органдар тарапынан әділ баға беріледі. Тарихшылар архив құжаттарын тексеріп, ұлт тарихындағы ең ауыр зобалаңды жаңа қырынан зерттейді.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Кеңес үкіметі құрылып, мемлекеттің іргетасы қаланған шақта жаппай ұжымдастыру саясаты жүргізілді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі ескерілмей, мал-мүлігі тартып алынды. Қазақ төрт түлігінен айырылды. Өзге ұлттар да бар байлығын берді. Тек қазақ емес, беларусь, молдован, кавказ және орыстар да тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Ашаршылық тек қазақ халқының басына түскен нәубет емес, барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті. Сол себепті ашаршылықты саясиландырмай, ең алдымен оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал. Сондықтан ашаршылыққа әділ баға беріледі.

Қазақстандық ғалымдардың зерттеуі де кенжелеп тұр. Бұған себеп архив құжаттарының қолжетімсіздігі. Ашаршылыққа қатысты еңбектердің аз болуы сондықтан. Енді осы іске үлкен демеу беріледі. Мемлекеттік және құқық қорғау органдары зерттеушілерге архив мәліметтерін ұсынады.

Еркін Әбіл, мемлекет тарихы институтының директоры:

- Тарих ғылымының негізі деректер. Ең алдымен бізге архивтерді ашу керек. Бұл құжаттардың көбі Ресейде жатыр. Оренбургтің архивтерінде. Құқық қорғау органдарында да жатыр. Сол құжаттар қолжетімді болса, онда зерттеу нәтижелі болады.

Тағы бір мәселе – ашаршылықты кеңінен зерттеп жүрген ғалымдардың көбі аға буын. Арасында жастар аз. Бұл тарихи деректерді зерттеушілердің сабақтастығын бұзады. Ашаршылықтың бүгінгі ұрпаққа әсері де беймәлім.

Американдық ғалымдардың айтуынша, мұндай зобалаңды бастан кешкен ұлт ұрпақтары қатерлі дертке жиі шалдығады екен.

Зиябек Қабылдинов, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:

- 30-жылдардағы ашаршылықты қазақстандық ғалымдар зерттеген. Ал одан бұрынғы нәубет кезеңі белгісіз. Көлеңкеде қалды десе де болады. Сондықтан 1920-1921 жж. ашаршылықта қанша адамның қайтыс болғанын біліп, басқа да деректерді зерттегіміз келеді. Ол жайында мәлімет тым аз. Тіпті бұл шындықты жоққа шығаратындар да табылып жатыр. 

Қалай дегенмен, өткен ғасыр зобалаңына әділ баға берілетін күн жақын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы осы іспен ерекшеленбек. Қазірдің өзінде зерттеу жұмыстары басталып кетті.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы