Сирия жөніндегі келесі кездесу Нұр-Сұлтанда өтеді

Сирия жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ресей президентінің арнайы өкілдері Астана процесіне жоғары баға беріп, келесі кездесу Қазақстан астанасында өтетініне сенім білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Сочиде өткен басқосу барысында белгілі болды.

Екі күнге созылған Астана процесінің жұмысы аяқталды. Оның қорытындысы бойынша кепіл мемлекеттер бірлескен мәлімдеме жасады. Ресей, Түркия және Иран елдері Сирияның аумақтық тұтастығы мен егемендігін мойындайтынын хабарлады. Тараптар терроризммен күресуге толықтай дайын екенін айтып, Сириядағы сепаратистік әрекеттердің көрші елдер қауіпсіздігіне қатер төндіретін атап өтті. Сонымен қатар Сирия мұнайын заңсыз басып алу әрекетін айыптап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Сирия халқын вакциналау ісін жіті назарға алу керек деген ұсыныс айтты. Басқосуға жиналғандар қақтығыс аймағында қамауда отырған тұлғаларды босату бойынша өзара ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға уағдаласты.

Талғат Қалиев, ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

– Қазақстан әдеттегідей Астана процесіне жоғары қолдау білдірді. Осы процесте қабылданған құжаттар Сирия дағдарысын реттеуге және адам өлімін азайтуға септігін тигізеді деп үміттенеміз. Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына зор үлес қосты. Педерсен мырза мұны ерекше атап өтіп, ұсынылған формат үшін Қазақстанға алғыс білдірді.

Қазақстан тарапымен өткен келіссөзде БҰҰ бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілі Гейр Педерсон мен Ресей Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев Астана процесіне жоғары баға берді. Олар Астана процесі аясындағы келесі кездесу биыл Нұр-Сұлтан қаласында өтетініне сенім білдірді.

Александр Лаврентьев, РФ президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі:

– Қазақстан тарапына келесі кездесуді Нұр-Сұлтанда өткізуге шақырғаны үшін үлкен алғыс айтамыз. Жалпы, біз алда атқарылар істер бойынша ортақ түсіністікке келдік. Яғни Сирия дағдарысын саяси жолмен шешуге қатысты белгілі бағыт бар. 

Дана Нұржан, тілші:

– Астана процесіндегі кепіл мемлекеттер Женевадағы Сирия конституциялық комитеті жұмысының маңыздылығын атап өтті. Ресей, Түркия және Иран елдері Сирия дағдарысын әскери жолмен шешуге болмайтынын айтып, оны тек саяси жолмен реттеуге ұмтылатындарын алға тартты.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров