Хиуа – түркі халықтарының өркениеті өркендеген мекен

Өзбекстанның Хиуа қаласы былтыр түркі әлемінің мәдени және шығармашылық іс-шаралар алаңына айналуы тиіс еді.

Себебі көне шаһар 2020 жылы түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда пандемияға байланысты ТҮРКСОЙ ұйымының жоспары жүзеге аспай қалды. Енді іргедегі елдің ескі қаласы бұл жоғары мәртебені биыл ала ма? Мәселенің анық-қанығын Хиуаға ат басын тіреп, көне қаланың құпия-сырларымен танысып қайтқан арна тілшісі Жасын Біркенов білді.

Жасын Біркенов, тілші:

- Түркі әлемінің ең алғашқы мәдени астанасы болып 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы белгіленді. Араға бес жыл салып күллі түркі жұрты тағзым еткен киелі Түркістан да түркі дүниесінің ордасы болып таңдалды. Бұған дейін мұндай абырой Түркия, Татарстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстанның шаһарларына бұйырған еді. Ал былтыр түбі бір түркі халықтарының мәдени астанасы деп Өзбекстанның Хиуа қаласы жарияланды.

Түркі дүниесінің мәдени астанасы жыл сайын өзгеріп тұрады. Өзбекстанның Хиуасына бұл мәртебе былтыр бекер берілген жоқ. Екі мың жеті жүз жылдық тарихы бар көне шаһарда хан, сұлтан, әмірлер жерленген. Тіпті Хиуа хандығын соңғы 116 жыл билеген хандар қоңырат руынан шыққан көрінеді.

Руслан Балтаев, «Ишан қала» мемлекеттік музей- қорығының ғылыми қызметкері:

- XIX ғасырдың басынан XX ғасырдың басына дейін қоңырат руының басқаруында болды. Қоңырат руы бұл қазақ халқының қоңырат руымен бір-бірімен байланысты. Біз түбі бір түркі халқымыз. Ең соңғы хан Абдулла хан болды, қоңырат руынан.

Мұнда Мұхаммед әл-Хорезми, Әбу Райхан ибн Бируни, Әбу Әли ибн Сина сынды әлемге тараған ғұламалар еңбек еткен. Қазақ ұлтының ұлы тұлғалары да осы жерден тәлім алған деседі.

Руслан Балтаев, «Ишан қала» мемлекеттік музей- қорығының ғылыми қызметкері:

- Бекет ата қазақ елінің пірі саналады. Ол осы жерде 4 жыл оқып, Маңғыстауға қайтып, Бекет ата мешітін ашады. Бұл жерде медициналық білім алып, адамдарды емдеп бастайды. Себебі Шерхазыхан медресесінде медициналық білім алуға мүмкіндік болған.

Пандемия болмағанда былтыр бұл жерде ТҮРКСОЙ ұйымының келелі кеңестері, Хиуаның тарихын баяндайтын театрландырылған қойылымдар, сондай-ақ әлемнің шартарабына шашырай қоныстанған түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін паш ететін өзге де іс-шаралар өтуі тиіс еді.

Темурбек Анварбеков, Хиуа қаласы әкімінің орынбасары:

- 2020 жылы біздің қалаға көп турист келеді деп күтіп едік. Әсіресе, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттерден демалушылар көп ағылады деп ойладық. Енді біз Хиуаға берген мәдени астана деген мәртебені биыл да созады деп топшылап отырмыз. Олай болса, былтыр жоспарлаған іс-шаралардың бәрін жыл соңына дейін өткізуіміз ғажап емес.

Бір қызығы, ескі қаланың ішінде медресе, мешіт, музейлермен бірге көнеден сыр шерткен 300-ге тарта тұрғын үй де сақталыпты. Қазірдің өзінде мұнда 2,5 мыңға жуық адам тұрады.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Сондай-ақ...