Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: Тоқаев айтқан келелі мәселелер

«Қос азаматтығы бар шенділерді шетінен жұмыстан шығарыңдар».

Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің азаматтығын алғандардың ісімен құзырлы орындар дереу айналыссын деп айтты, деп хабарлайды «Хабар 24». Сосын ауыл және аудан әкімдерін сайлауға қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы нақты не деп айтты?

Бұрынғылар болыстарды сайлайтын. Елге ие болатын, ауылдастың жағдайын арыдан ойлайтын атқамінерлерді бұқара өзі таңдайтын. Ауыл әкімдерін халық сайлайды дегенде осыны ойға алған едік. Осыған дейін айтылып келді, енді, міне, тамыз айында жүзеге аса бастайды. Президент ауыл әкімдерін сайлап болаған соң, аудан әкімдеріне ойысамыз дегенді алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биліктің бұқараға бүйрек бұра бастағанын осыдан-ақ аңғарсақ болады. Кейін келе қала, тіпті облыс әкімдерін де халық өзі таңдап жатса таң қалмаймыз. Бірақ алдағыны болжап, бал ашып жату артық шығар. Барды айтайық. 

Ал бары мынау – жер шетелдіктерге сатылмайды. Жалға да берілмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев «мұны заңмен бекітіңдер» деді.

Президентті пұшайман еткен тағы бір мәселе бар. Ол – қос азаматтық алған пысықайлар. Мемлекеттік қызметте немесе квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаратын ондай шенділер енді шетінен қуылады. Мемлекет басшысы «мұндай басыздыққа жол бермейміз» деді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған соқталы дүниелер осылар болды. Қасым-Жомарт Тоқаев көп мәселені қамтыды. Осыған дейінгі отырыстарда тілге тиек етілген түйткілдерге де тоқталды. Жалаң сөйлеп, жалпыға жағынуды емес, нақты іске көшіп, нәтижесін көрсетуге асығыңдар дегенді алға тартты.

Авторы: Дастан Сейілханұлы