Қырғыз Президенті Қазақстанға қандай мақсатпен келді?

Бүгін елге Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін Ақордада бар сән-салтанатымен қарсы алды. Мемлекет басшылары әуелі шағын, кейін кеңейтілген құрамда кездесу өткізіп, екі ел арасындағы стратегиялық қатынасты кешенді түрде дамыту мәселелерін талқылады. Ең бастысы, бауырлас елдердің арасында сауда кедергісі азаяды. Ортақ суды бөліп пайдалану бойынша да мәселе болмайды. Жиында тағы нендей мәселе қаузалды?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Пандемияның салдарынан кейінгі бір жылда әлем өзгерді. Өзгергенді көз көрді. Жүріп-тұру шектелді. Бір жыл бойы бізде мұндай жоғары деңгейдегі кездесулер өтпеген. Мемлекеттердің басшылары телефонмен тілдесіп, онлайн жүздесіп келді. Арадағы достыққа кесел кедергі болмасын деді ме, Қырғызстанның жаңа Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Кемелұлымен жүзбе-жүз кездеспекке елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келді. Бұл дегеніміз, ең жоғарғы деңгейдегі сапар.

Осылайша, Садыр Жапаров пандемиядан бері Ақордаға келген алғашқы Президент болды. Әріптесін Қасым-Жомарт Тоқаев та жылы қарсы алды.

Президенттер амандық біліскен соң екі елдің әнұрандары орындалды. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Құрмет қарауылының алдынан өтіп, шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Ақорданың «Шығыс залына» беттеді.

Садыр Жапаров Президент болғалы алғашқы мемлекеттік сапарын қазақ елінен бастауы бекер емес. Қанша дегенмен, қазақ-қырғыздың ауылы аралас, қойы қоралас, бағзыдан. Ғасырлар бойы қалыптасқан достығы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанға қош келдіңіз! Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айырықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы кең ауқымды.

Өз кезегінде Садыр Жапаров елімізге мемлекеттік сапармен шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. «Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным», - деп Жұбан Молдағалиевша тебірене сөйледі.

«Рахмет, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы.... «Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын», - деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді, Қырғыз Президенті...

Әуелі шағын құрамда кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров кеңейтілген құрамда да келіссөз жүргізді. Тараптар қазақ-қырғыз арасында бұған дейін қалыптасқан стратегиялық байланыстың ендігі жерде жаңа қарқынмен дами түсерін нақтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдеріміз арасында шешілмейтін қандай да бір мәселенің жоқ екені көңіл қуантады. Керісінше, біз өзара ықпалдастықтың кез келген бағытын жедел әрі байыппен қарастыруға дайын екенімізді білдірдік. Қырғызстан Сіздің басшылығыңызбен барлық мәселені тиімді шешуге және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға әзір екенін нақтылағанын дұрыс қабылдадық. Өз тарапымнан Қазақстанның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды кешенді түрде тереңдетуге бейіл болып қала беретінін айтқым келеді.

Садыр Жапаров Президент болып жыл басында сайланған еді. Жоғары лауазымды қызметке кіріскен әріптесін Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқылардың бірі болып құттықтаған. Мұны да Қырғыз басшысы бүгін ерекше атады.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

- Қырғыз Республикасының Президенті болып сайланғаннан кейін деп есептеймін.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Бауырлар бір-бірін қиындықта жалғыз тастап қоймайды. Сөзіме дәлел – коронавирус кезінде біздің ел бір туған қырғыздан көмегін аямады. Мәселен, індет өршіген кезде өзге мемлекетерде қалып қойған қырғыздардың Отанына оралуы үшін Қазақстан барын салды. Кейін тағы азық, медициналық заттар жіберді. Осы қамқорлық үшін Садыр Жапаров айрықша алғысын айтты. Хош. Қырғызстан Президентінің бұл сапары Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі кезеңімен тұспа-тұс келуінің символдық мәнге ие. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Саяси, экономикалық, гуманитарлық және әскери-техникалық салалардағы мүддеміз ұқсас. Осы уақытқа дейін екі ел арасында 180-ге жуық құжатқа қол қойылған.

Сонымен шағын һәм кеңейтілген құрамда не айтылды? Қандай уағдаластық болды? Бірінші. Коронавирус кезінде Қазақстан қырғыз халқына кезекті гуманитарлық көмек ретінде медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер жолдайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетіледі.

Екі елдің арасында сауда кедергісі де жойылады. Қазақ-қырғыздың кеден және салық органдарының өзара байланысы нығая түспек. Бұған дәлел – аталған қызметтер цифрлық технология негізделеді. Бұл жөнінде де келісім жасалды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен қырғыз елінің арасындағы экспорттық әлеуетті арттырып, шағын және орта бизнестің өрісін кеңейту үшін жақын арада біздің елдің делегациясы Қырғызстанға арнайы сапармен барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтардың барыс-келісі мен алыс-берісін жақсарту маңызды. Осы ретте шекара бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін шаралар қабылдануда. Мысалы ең ірі «Қордай» (Ақжол) бекетін жаңғырту жұмыстары – соның айқын дәлелі. Енді жұрттың шекарадан қиналмай өтуіне жағдай жасалмақ. Бекеттің жабдықтары жаңартылды. 8 жолақты автожол салдық. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Паспорттық-бақылау режимін жетілдірдік. Мұның барлығы екі ел арасындағы жолаушылар мен көліктердің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл нысанды жақын арада ашуға дайын. Келісім бойынша қырғыз тарапы да тиісті жұмысты тез арада аяқтайтын болды.

Су-энергетикалық бағыт та екі ел үшін аса маңызды. Маңызды болған соң бірлескен комиссия құрылған. Бүгінгі келісімге сәйкес бұл саладағы байланыс та жандана түсетін болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Атап өтетін жайт, бүгінде Шу және Талас өзендерінің аңғары бойынша ықпалдастығымыз көптеген елге үлгі болып отыр. Мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссиямыз бар. Қазақстан бұл нысандарды жөндеу және пайдалану жұмыстарына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыр. Соңғы он жылда осы мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлдік. Біз аталған мәселе бойынша жұмысты екіжақты форматта, сондай-ақөңірдегі басқа да әріптестерімізбен жалғастырамыз. Өзендер бойынша біз өзара тиімді іс-қимыл жасауымыз керек, сонда ғана ешқандай келіспеушілік болмайды.

Қазақ-қырғыз өзгесін айтпағанда мәдени тұрғыда да біте қайнасқан. Екі елге ортақ тұлғалар аз емес. Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен қырғыз байланысының тамыры тереңде екенін айта келіп, ұлы Абай мен Мағжан Жұмабаевтың сөздерін тілге тиек етті. Ұлы Абай айтқандай, «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды». Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деп жырлаған. «Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады», - деді біздің Президент. Сондықтан осы кездесуде тараптар Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаласты. Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса, бірегей тарихи мұраларымыз дәріптеледі. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қырғыз жастарына бөлінетін квота ұлғаятынын айтты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша жиыны 8 құжатқа қол қойылды. Президенттер мемлекеттік сапардың нәтижелі болғанын атап өтті. Ағайын елдер арасындағы достықтың көкжиегін кеңейту үшін Садыр Жапаров қазақ елінің басшысын Қырғызстанға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды қабыл алды.

Авторы: Қорған Төреқожа