Қ.Тоқаев ЕЭК алқасының Төрағасы М.Мясниковичті қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичті қабылдады.

Кездесуде Еуразиялық экономикалық одақтың стратегиялық даму мәселелері және Қазақстан Республикасының ұйымға биылғы төрағалығы кезіндегі басым бағыттары талқыланды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың толыққанды жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтті. 

Әңгімелесу барысында өзара саудадағы кедергілерді жоюға және Одақ шеңберінде өндірістік кооперацияны дамытуға ерекше назар аударылды. Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асырудың, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және кедендік реттеуде цифрлық технологияларды енгізуді жеделдетудің маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ комиссия жұмысының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар қарастырылды. 

Тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен (Еурокомиссиямен, Дүниежүзілік сауда ұйымымен, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен және т.б.) сауда-экономикалық қатынастарды жолға қою қажеттігін атап өтті. 

Өз кезегінде Михаил Мясникович Комиссияның биылғы жұмыстары мен басымдықтары және 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру жайында айтты. Сонымен қатар ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы үндеуінде айтылған Қазақстан төрағалығының басым бағыттарын орындау жөніндегі Комиссияның жоспарымен бөлісті. 

ЕЭК алқасының төрағасы Қазақстан Президенті айтқан нақты ұсыныстар мен бастамаларды қолдады. Михаил Мясниковичтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы бизнес қоғамдастық арасындағы ықпалдастықты жандандыруға, қосымша құн қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып отырған кәсіпорындарды қолдауға бағытталады. Бұдан бөлек жас кәсіпкерлерді демеуге де басымдық беріледі. 

Кездесу қорытындысы бойынша 2021 жылдың мамыр айында Қазақстанда Жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізу жөнінде шешім қабылданды. Аталған жиын аясында Еуразиялық іскерлік форумын өткізу жоспарланып отыр.