Е.Тоғжанов Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды

Қазақстан Өзбекстанның шығыс медицинасына қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Ташкентке жұмыс сапарымен барған премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Өзбекстанның вице-премьері Бехзод Мусаевпен кездесіп, дәстүрлі емес медицина бойынша тәжірибе алмасуға ниет танытты. Ералы Тоғжанов қос мемлекеттің Денсаулық сақтау министрліктері арасында келісім құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл құжат цифрлық технологиялар, зияткерлік жүйе, медициналық білім беру мен ғылым, фармацевтика сынды бағыттарда қоян-қолтық жұмыс істеуді меңземек.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Жалпы бірнеше бағыттар ғой. Оның ішінде дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді бір қарап шықтық. Екіншіден, кадр мәселесін қарадық. Бұл да ең үлкен сұрақтардың бірі. Үшінші сұрақ – ол материалдық-техникалық база сұрақтары. Бұл Өзбекстанда қандай деңгейде жүріп жатыр? Осы бағыттар бойынша ой бөлісіп жатырмыз.