Қазақстандағы Ұлыбритания Елшісі дипмиссиясын аяқтайды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ұлыбритания Елшісі Майк Гиффордтты еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.

Достық рухында өткен әңгіме барысында дипломаттар барлық негізгі бағыттар бойынша қазақ-британ ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегін талқылады.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Елшінің Нұр-Сұлтан мен Лондон арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтуге және нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Тараптар Корольдіктің Еуропалық одақтан шығуына байланысты Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қою бойынша бірлескен жоспарларды құптады. М.Гиффордттың екі жақты байланыстарды дамытуға қосқан жеке үлесін назарға ала отырып, британ дипломаты ҚР Сыртқы істер министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

ҚР СІМ баспасөз қызметі