423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Н.Нығматулин: Заң жобасы квазимемлекеттік сектор сатып алуларының ашықтығын арттырады

  • 303
  • UPD: 12:42, 17.03.2021
Н.Нығматулин: Заң жобасы квазимемлекеттік сектор сатып алуларының ашықтығын арттырады

Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасы еліміздің экономикасы үшін ерекше маңызды екенін алға тарта келіп:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз бастамасымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорын құрған кезде осындай квазимемлекеттік субьектілер жұмысының ашық және тиімді болуына баса назар аударған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауында квазимемлекеттік сатып алулар мәселесіне көңіл бөліп, арнайы заң дайындау туралы тапсырма берді. Осыған орай квазимемлекеттік сектордың ашық және бәсекеге қабілетін арттыратын жаңа заң жобасы әзірленді Бұл заң жобасына қатысты бірқатар отырыс, бірқатар талқылау өтті. Көптеген ұсыныстар, түзетулер де енгізілді, - деді.

Мәжіліс төрағасының пікірінше, енді осы саладағы барлық сатып алулар бойынша бақылау жасалады. Сонымен бірге, отандық өнімдерімізді қолдауға жол ашылады.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, заң қабылданғаннан кейін жағдай өзгеруі тиіс. Өйткені, оның нормалары «Самұрық-Қазына» қорының, «Бәйтерек», «ҚазАгро» холдингтерінің ғана емес, сондай-ақ сатып алудың жалпы сомасы жыл сайын шамамен 3,5 триллион теңгені құрайтын 253 ұлттық компания мен олардың еншілес ұйымдарының қызметін реттейтін болады. Бұл қазіргі еліміздің экономикалық белсенділігі қалпына келе бастаған уақытта ерекше маңызды.

Палата спикері атап өткендей, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың ашықтығы мен тиімділігін арттыратын заң жобасы сатып алулар үшін бәсекелік жағдайлар жасауға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Сонымен қатар заң жобасы қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын барынша арттырып, жұмыс орындарын сақтап ғана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, заң жобасы квазимемлекеттік сектор, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сараптама ұйымдары және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланып, қаралды.

Ақпарат көзі: Мәжілістің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы