Маңызды заң жобаларын қарауға жергілікті мәслихаттар белсенді түрде атсалысуы керек

Аса маңызды заң жобаларын қарауға жергілікті мәслихаттар белсенді түрде атсалысуы керек.

Сондай-ақ Сенатпен тығыз қарым-қатынас орнатып, әріптестікті нығайтқан жөн. Себебі, сенаторлардың үштен екісі аймақтардан сайланған. Өңірлердегі өзекті мәселелерді бірлесе көтеру тиімдірек болады. Сенат жанындағы жергілікті өкілетті органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында Мәулен Әшімбаев осылай деді. Онлайн отырысқа палата депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары мен мәслихат өкілдері қатысты. Сенат төрағасы Мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету туралы айтты. Мәслихат өкілдері өңірлерде жүргізіліп жатқан ақпараттық жұмыстар туралы баяндады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Сенат депутаттары үнемі аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттармен өзара тығыз байланыста болуы керек. Соның барысында жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелер және қолданыстағы заңнаманың тиімділігі талқыланады. Нәтижесінде біз халықты толғандырған мәселелерді анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын қалыптастыратын боламыз. Жұмысымыздағы маңызды бағыттардың тағы бірі – халыққа Мемлекет басшысының саясатын және қабылданған заңдардың мәні мен маңызын түсіндіру.