Қазақстанның сыртқы істер министрі Түркия президентімен кездесті

Түркия Республикасының сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың шақыруымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресми сапармен Анкараға барды.

Сапар барысында М.Тілеубердіні Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдады, деп мәлімдеді ҚР СІМ баспасөз қызметі. Министр Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 31 наурызда Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитіне шақыруды тапсырды. Сондай-ақ Түркия басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке жолдауы табыс етілді.

Анкараға сапары аясында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының төрағалығымен Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 6-шы отырысы өтті. Іс-шара барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың күн тәртібіндегі басым мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын қарастырды.

М.Тілеуберді өз сөзінде Түркия Еуразия құрлығындағы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі болып табылатынын атап өтті. «Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтеміз. Бауырлас халықтарымыздың арасындағы мызғымас достық пен жоғары деңгейдегі саяси диалог біздің өзара тиімді стратегиялық әріптестігімізді тереңдетуге толық мүмкіндік береді», - деді Қазақстан СІМ басшысы.

М.Чавушоглу, өз кезегінде Қазақстан – Түркия ынтымақтастығының берік негізі мықты экономикалық байланыстар болып табылатынын және оларды қолда бар барлық әлеуетті пайдаланып, нығайту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ түрік министрі Қазақстан «барлық түріктердің тарихи отаны» екенін және Түркия біздің халықтарымыздың арасындағы рухани байланыстарға үлкен мән беретінін атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқынына терең қанағаттанушылық білдіріп, екіжақты және көпжақты форматтағы әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара ұмтылысты атап өтті. Нұр-Сұлтан мен Анкараның өңірлік және жаһандық саясаттағы рөлі, сондай-ақ түркі әлеміндегі екі елдің беделі арта түскені атап өтілді.

Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде және Түркия халықаралық аренада біздің тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып таныды. Келесі жылы Қазақстан мен Түркия дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеді. Осы жылдар ішінде елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастық стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Қазақстан мен Түркия екіжақты, өңірлік және халықаралық алаңдарда тығыз өзара іс-қимыл жасасуда.

Сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара табысты іс-қимыл ерекше атап өтілді. Коронавирустық пандемияға қарамастан, екі жақты тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларынан асты және тараптар бұл көрсеткішті 10 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге ниетті.

Кездесу соңында Қазақстан мен Түркия СІМ басшылары диалогты жалғастыруға және екіжақты қатынастардың барлық мәселелерін стратегиялық әріптестік негізінде дәйекті түрде шешуге ниет білдірді.

Сол күні Қазақстан СІМ басшысы Түркия вице-президенті Фуат Октаймен кездесу өткізді. Тараптар ҚР премьер-министрі А.Мамин мен Ф.Октайдың өзі тең төрағалары болып табылатын Үкіметаралық комиссияның кезекті 12-отырысына дайындықты талқылады.