433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ел сенаторлары Кіші Аралдағы су деңгейінің төмендеуіне алаңдаулы

  • 126
  • UPD: 18:33, 18.03.2021

Елімізде су мәселесі ең өткір түйіткілдердің бірі. Бір аймақта теңіз-көлдер сарқылып жаста, басқаларында халық таза ауы суына қол жеткізе алмай отыр. Бүгін ел сенататорлары осы мәселелерді тізіп, ел Үкіметіне өз сауалдарын жолдады. Депутаттар жауапты органдарды бұл түйіткілді қолға алып, бір шешімін табуды талап етті.

Ел сенаторлары Кіші Арал бассейніндегі су деңгейінің төмендеуіне алаңдаулы. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5 миллиард текше метрге азайған. Егер осы қарқын сақталса, шамамен 5-7 жыл ішінде бұл жер мүлде құрғап қалуы мүмкін. Сол себепті Парламент Сенаты  кешенді шараларды дереу қабылдауды талап етіп отыр.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған Еліміздегі су ресурстарын басқару заңы қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан суды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, ол тек суға қажеттілікті реттеп қоймай, су нысандарымен байланысты табиғи экожүйелерді сақтап, суды үнемдеуге ынталандыру үшін тұтыну саласындағы тарифтерді қайта қарап, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуға тиіс.

Жамбыл облысының экологиялық мәселелері де Сенат отырысында сөз болды. Мұнда кәріз желілері әбден ескіріп, істен шығып жатыр. Сарқынды суларды ағызатын тұрғын үй құрылыстары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының қалдықтары да қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіріп отыр. Жергілікті жерасты сулары ластанып барады. Салдарынан Жамбыл ауданына жақын орналасқан Бірлесу-Еңбек, Қостобе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе елді мекендері сусыз қалып, ауыл шаруашылығы алқаптары батпаққа айналды.

Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осының бәрін ескере келіп, аталған мәселенің Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне және экологиялық тұрғыдан маңыздылығын ескере отырып, оны тездетіп шешу үшін Тараз қаласын кәріз-тазарту ғимараттарын салу жоспарының 1 кезеңіне қосуға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.

Елімізде біраздан бері су ресурстарына қатысты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Халықты сумен қамтуға бағытталған 2 мыңнан астам жоба әзірленді. Алайда айтарлықтай өзгеріс байқалып отырған жоқ. Сол себепті заңға да өзгеріс енгізуге тура келген сынды. Сондықтан биыл жауапты министрлік жаңа су кодексінің тұжырымдамасын әзірлеуге кіріспек.

Автор: Дариға Ташенова

Хабар 24 телеарнасы