Бейжіңде Наурыз мейрамы тойланды

Іс-шара Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығында өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған аталған ұйымға мүше және байқаушы мемлекеттердің, сондай-ақ Араб елдері лигасы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ассоциациясының өкілдері қатысты. Қонақтар үшін ашық аспан астында концерт ұйымдастырылды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысына қатысы бар елдердің ұлттық тағамдары ұсынылды. Былтыр аталған ұйым коронавирус пандемиясына байланысты көктемгі жаңару мерекесін атап өте алмаған еді.

Олим Алимов, ШЫҰ жанындағы біріккен іскерлік ынтымақтастық орталығының бейжіңдегі бөлімшесінің директоры:

- Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысына қатысы бар 18 ел үшін көктемнің ең жарқын күндерінің бірі. Себебі бүгін жаңа күн, Жаңа жыл. Біз үшін Орталық Азия мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысына қатысы бар елдердің өкілдері үшін осы бір мерекелік шараға қатысып қана қоймай, қытайлық достарымызға көне мейрамның тарихы мен оның қалай тойланатыны жайлы айтып беру маңызды.