Павлодарда Ассамблея трамвайы жолға шықты

Көліктің алғашқы жолаушылары – этно-мәдени бірлестік өкілдері қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Ән-жырдан шашу шашты. Алғашқы бағыт бойынша №2 трамвай жүреді. Келешекте оны қаланы айнала қатынайтын №5 қоғамдық көлік алмастырады. Шараға ұйытқы болған «Ватан» Әзербайжан этно-мәдени бірлестігі. Павлодар трамвайды сақтап қалған әрі оны брендке айналдырған санаулы қалалардың бірі. Қоғамдық көлікті әр мерекеге сай безендіру дәстүрге айналған. Мерекелік шараға Ұлыстың Ұлы күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Айнұр Раисова, ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

- Бүгін біз міне осы трамвайда жүріп, осы Ассамблеяның жалпы жұмысы жайлы да көп мағлұмат беріледі бұл трамвайда арнайы экрандар арқылы. Бұл мына өзіміздің ұлы мейрамымыз – Наурыз мейрамына орай жасалып жатқан іс-шара. Барлық Қазақстан халқы, өзіміздің Павлодар облысының тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын.

Сапарбек Маусымбаев, Алтай  өлкесінің тұрғыны:

- Шетте жатқан, тарыдай шашылған қазақтардың бір бөлігіміз. Соның ішінде Алтай өлкесінде 8 мыңнан астам қазақ тұрады. Сонда орналасқан Благовещенка, Құлынды, Славгород және Михайловка аудандарында көптеген қазақтар тұрады. Сол жақта жатып, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін ұмытпай сол жақта қазақтың иісін шығарып жатырмыз. Сондықтан бүгінгі Ұлыстың ұлы күні, Наурыз тойы құтты болсын.