Ливанда бітімгерлік миссиямен болған әскерилер елге оралды

БҰҰ құрамындағы Қазақстан бітімгерлері ауысты.

Оларды Қазақстан Қарулы Күштерінің жаңа құрамы алмастырады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мандатына сәйкес, Үндістан батальонының құрамында болған сарбаздар Алматы әуежайына қонды.

Төртінші құрам Ливанға былтыр тамыз айында кетті. Осы уақыт аралығында олар жауынгерлік даярлық, жауапкершілік сынды қасиеттерімен дараланып, тәжірибесін шыңдады. Әлем аренасында Қазақстанның бітімгерлік жолындағы беделін көтерді.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Ливанға жөнелтілген бесінші құрам жіті тексерілген. Қазақстан контингенті Біріккен Ұлттар Ұйымының Израиль мен Ливан шекарасындағы базаларда орналасады. Олар аймақтағы бейбітшілікті қадағалап, блокбекеттерді ұйымдастырады.

Жанат Бірбаланов, төртінші бітімгерлік ротаның командирі, майор:

- Бітімгерлік миссия атқару кезінде қазақ жауынгерлеріне қойылған тиісті тапсырмалардың барлығы орындалды. Ол кезде біз жаяу патрульдерді Израиль мен Ливан арасындағы белгіленген көкжиектің бойында өткізіп, техникада патрульдер өткізіп, әуе патрульдерін өткізіп, блокбекеттерде қызмет істедік. Мұнымен қатар миссия барысында БҰҰ уақытша күшетірінің қолбасшысының оқу-жаттығуына қатысып, қойылған тапсырмалардың барлығын орындап келді.