Қазақстан ЯСЖТШҰ-ның Дайындық комиссиясының жұмыс тобын басқарды

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жыл толады.

Осыдан тура 30 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өте маңызды тарихи құжатқа – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды.

Біздің еліміз ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып 1996 жылы халықаралық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау жүйесіндегі іргетастардың бірі болып табылатын Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қосылды.

Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайтуға қосқан үлесін мойындай отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбековті Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясы жұмыс тобының төрағасы етіп сайлады. Тағайындау рәсімі әлемнің 150-ден астам елінің өкілдерінің қатысуымен онлайн-режимінде өткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, ЯСЖТШҰ Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын халықаралық ұйым болып табылады.

«ЯСЖТШҰ-ның жұмыс тобына төрағалық ету еліміздің жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайтуға бет алған бағытына берілген жоғары баға екені сөзсіз», – деді Эрлан Батырбеков.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдегі қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан бас тартып, ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымы мен салдарын жою бойынша кең ауқымды қызмет жүргізді, жаһандық қауіп-қатерді азайту, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайту жұмыстарын жүргізуде бірегей тәжірибе жинақтады.

Қазақстан ЯСЖТШҰ-ға елеулі қолдау көрсетіп, оның мақсаттарына қол жеткізуде табандылық танытты. Мәселен, Ұлттық ядролық орталық пен ЯСЖТШҰ-ның халықаралық мониторинг жүйесін – ХМЖ құру тұрғысындағы белсенді ынтымақтастығы байқалады. Атап айтқанда, ҚР Ұлттық ядролық орталығының жедел басқаруымен төрт сейсмикалық және бір инфрадыбыстық ХМЖ станциясы, сондай-ақ Қазақстан ұлттық деректер орталығы – KNDC жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Орталық Азияда алғашқы асыл газдарды радионуклидтік мониторингілеу станциясы құрылуда.

Қазақстанның ЯСЖТШҰ Дайындық комиссиясының жұмысына топ төрағасы ретінде қатысуы Қазақстанның бірегей тәжірибесін, жинақталған және уақытпен тексерілген жаһандық қауіп-қатерді төмендету әдістерін таратуға жақсы мүмкіндік болып табылады. Бұл біздің еліміздің ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу процесіне қосқан кезекті маңызды үлесі болмақ.

Ақпарат көзі: ҚР ЭМ баспасөз қызметі