433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркі елдерінің басшылары қандай мақсатпен кездесті? Не айтылды?

  • 96
  • UPD: 23:38, 31.03.2021

Киелі Түркістан шаһары арқылы күллі түркі әлемінің сауда-саттығын ұлғайтып, қасиетті қала тарихын жан-жақты зерттеу. Бауырлас елдерге ортақ арнайы экономикалық аймақ пен түркі инвестиция-интеграциялық қорын құрып, дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу. Бұл бүгін Түркі мемлекетттері кеңесінің бейресми саммитінде қабылданған шешімдер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиын қорытындысында Түркістан декларациясы да бекіді.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Саммит елорда уақытымен кешкі сағат бесте басталды. Бұл алқалы жиын екі дүние есігі, ер түріктің бесігі Түркістанда өтуі керек еді. Бірақ коронавирус өршіп, онлайн дидарласуға тура келді. Саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ашты да, «Біздің мақсат – түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру», – деді. Ал Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастамақ керек. Сол себепті...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан түркі әлемнің рухани астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды.

2018 жылы Түркістан облыс орталығына айналды. Осылайша киелі шаһардың жаңа дәуірі басталды. Тарихи қаланың 2050 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Ұлылардың ордасы бірер жылда түледі. 7 ғасырлық тарихы бар Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қасынан сәулеті келіскен нысандар бой көтерді. Әкімшілік іскерлік орталықта көпқабатты 177 үй салынып жатыр. Алып әуежай пайда болды. Биыл республиканың барлық аумағымен әуе байланысы орнайды. Өзге елдерге де бағыттар ашылады. Ташкент пен Түркістан арасына жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін темір жол төселеді. Нәтижесінде саяхатшылар екі ортада еркін қатынайды. Жиында сөз алған Елбасы, Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше ұсынысты ортаға салды.

Қазір ковидтен сақтанатын бір жол – вакцина. Елбасы төртінші басымдық ретінде осы екпенің маңыздылығын атады. Ал бесінші басымдық мәдени гуманитарлық байланыстарды жаңғырту.

Биылғы саммит пандемия жағдайында өтіп жатқанын айттық. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиында коронавирус салдарын жоюдың бірнеше жолын айтты. Мемлекет басшысы бірігіп, бір-бірімізге қолдау көрсетсек, қауіпті індетке қарсы тұрамыз деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ортақ тәжірибеге сай бір-бірімізді қолдауымыз керек деп санаймын. Өкінішке қарай, халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтас әрекет ете алмады. Негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кетті. БҰҰ-да осындай күрделі жағдайда өз әлеуетін көрсете алмады. Осы күрделі кезеңде биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Бұл ретте БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясында Қазақстан биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру бастамасын көтергені белгілі. Сіздер осы тың идеяны қолдайды деп сенемін. Агенттік болашақта биологиялық қатерді алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз.

Әлем былтырдан бері экономикалық дағдарыс қыспағында. Түркі елдеріне де оңай тиіп жатқан жоқ. Өзара тауар айналымы былтыр 11,2 процентке азайып, 7 млрд долларды құрады. Қайта еңсе тіктейтін мүмкіндіктің бірі – Түркістан. Ежелгі Яссы шаһары заманауи үлгіде экономикалық аймаққа айнала алады. Түркі әлеміне ортақ тағы бір түйткіл – су ресурстарының жетіспеушілігі. Саммитте Президент осы жайтқа да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами ресурсын, туристік әлеуетін ескеріп, Түркістанда түркі елдерінің арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынамын. Бұлан бөлек, су энергетика саласы қатынастарымыздың тағы бір құрамдас бөлігі. Өйткені су мәселесі біздің аймақтағы маңызды күрделі проблемаға айналып отыр. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану – елдеріміздің өсіп-өркендеуінің кепілі. Осы ретте өздеріңізбен бірлесе гидроқұрылымдар салу жобаларын атсалысуға дайынбыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жөнінде бастама көтерілген. Бұл бауырлас елдерге ортақ алғашқы қаржы институты болатын. Сол арқылы жасанды интеллект, интернет саудасы, ауқымды деректерді өңдеу сынды инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Демек болашағы һәм қажеттілігі зор жоба. Бастама түркі елдерінің басшыларына пысықтауға ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ.

Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университетінен түркі елдеріне 50 грант бөледі. Оны «Ясауи степендиясы» деп атайды. Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жастары үшін осындай мүмкіндік ұсыну жөн деп шешті. Бұл киелі шаһарды – күллі түркі әлемінің рухани астанасына айналдырудың жолы. Одан кейін қаланы археологиялық және ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстары қарқын алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек, тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп.

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-саммиті биылғы қарашада Ыстамбұлда өтеді. Мұны Саммитке қатысқан Түркия Президенті айтты. Бұдан бөлек, Режеп Тайип Ердоған кеңес жұмысына қарқын қосуымыз керек деді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия республикасының президенті:

– Көлік және жүк келісімімен қол қоюды жылдамдатуымыз керек. Кеңес соңғы 12 жылда халықаралық беделге ие болды. Енді кеңес халықаралық ұйым мәртебесіне ие болуы қажет. Міне, Түркиядағы саммитте осы тұрғыда арнайы құжат қабылданады деген үміттеміз. Кеңестің кеңсесі Еуропада Будапеште ашылды. Бұл өкілдік Кеңестің жаһындағы рөлін арттырады. Өзге елдерде біздің кеңеске бақылаушы ретінде қосыла алады.

Режеп Тайип Ердоған 2022 жылы Түркияда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтетінін де атап өтті. Мұндай шешім 2016 жылы Қырғызстанның Шолпан ата қаласында Түркі кеңесінің 6-саммитінде қабылданған еді. Ал Өзбекстан Президенті «Түркі кеңесі елдерінің Даму банкін құратын кез келді» деді. Өйткені әлеуетті бірлесе қолдану – уақыт талабы. Бұдан бөлек, өзбек басшысы Түркі кеңесі елдерінің транзиттік мүмкіндігін арттыруды ұсынды. Түркістан түркітілдес елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Бұл қала – түркі өркениетінің негізі. Мұны жиында сөз алған қырғыз басшысы айтты. Президент ретінде саммитке алғаш рет қатысып отырған Садыр Жапаров Түркі кеңесі бізді жақындастыра түседі және бұл дұрыс деді.

Садыр Жапаров, Қырғыз республикасының президенті:

– Осы кеңес арқылы экономикалық, мәдени, гуманитарлық және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін көп тарапты қатыныстарымызды жалғастыруымыз керек. Елдеріміз коронавирусты еңсере алады деген үміттемін. Бір-бірімізге көмек көсетіп, түрлі көп тарапты жобаларды жасасақ деген ұсыныс бар. Түркі кеңесі инвестициялық қор жасауды ұйғарды және бұл өте маңызды жоба дер едім.

Бұл жолғы саммит Түркістан декларациясының қабылдануымен ерекшеленді. Түркі кеңесін толыққанды ұйымға айналдыру жөніндегі ұсыныс та бекіді. Бұл өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша түркі елдерінің көзқарасы бір әрі қадамы нық екенін көрсетеді. Сондықтан барлық бастама, ұсыныс-пікір аталған декларацияға енгізілді. Енді бауырлас елдер оны бірлесіп жүзеге асырады. Басында саммитті ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқае жиынды осылай түйіндеді.

Хабар 24 телеарнасы