Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің IX отырысы өтті

Қазақстан мен Қырғызстан арасын жалғайтын «Қордай-Ақ Жол» жаңғыртылған өткізу пункті ашылды. Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Қырғызстанның Үкімет басшысы Улукбек Марипов ашылу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ үкіметаралық кеңестің IX отырысын өткізген болатын.

Тараптар бірқатар саладағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Жиында «Қарасу-Ақ Тілек» өткізу пунктінде «Алатау» бірлескен Трансшекаралық сауда орталығын құру перспективасы жайы да айтылды. Мұнда Қазақстан мен Қырғызстан өнеркәсіптік кооперациясын дамыту үшін индустриялық аймақ құру жоспарлануда.

Айта кетейік, жаңғыртылған «Қордай - Ақ Жол» өткізу пунктінде құрылыс алаңы 3,5 есе, қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 8-ге дейін, паспорттық бақылау кабиналарының саны 13-тен 34-ке дейін ұлғайтылды. Заманауи инспекциялық-тексеру кешендері орнатылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бекеттің  өткізу мүмкіндігі тәулігіне 1 мыңнан 2,5 мың автомобильге дейін ал халықтың қатынауы 6 мыңнан 25 мың адамға дейін өсетін болады.

Ұлан Әліпов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл Қордай өткізу бекетінде қайта жаңарту болды. Осы жерде тұрған ғимараттардың барлығын қайта жаңартып, қосымша адамдар жаяу жүргіншілер өтетін павильондар салынды. Көлік жүретін жол 2 жолақтан 8 жолаққа дейін көбейді. Адамдардың өткізу пункті 2,5 есеге көбейді. Өтетін адамдардың көлемі 4 есеге көбейді. Өтетін көліктің көлемі де 2,5 есеге көбейді.