Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаиды қабылдады.

Палата спикері елшінің қазақстандық-жапондық қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланысты нығайтуға қосқан айрықша еңбегіне тоқталды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Бүгінде Жапония Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі саналады. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, біздің елдерімізді бейбіт өмір құндылықтары, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған ортақ ұстанымдар біріктіреді.

Мәжіліс төрағасы Нұр-Сұлтан мен Токио арасындағы дәстүрлі достық өзара тиімді әріптестік және ынтымақтастық негізінде жоғары деңгейде даму жолына түскенін алға тарта келіп, бұл бағытта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі зор екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған елмен қатынасты одан әрі тереңдетуге көңіл бөліп келеді.

Өз кезегінде Тацухико Касаи биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толатын Қазақстан осы уақыт ішінде толағай табыстарға қолжеткізгенін, бұл тиімді саяси басшылықтың және бірлігі жарасқан халықтың ерен еңбегі екенін айтып, шынайы ризашылық сезімін білдірді.