Жуық арада Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық режим жеңілдеуі мүмкін.
Бұл туралы Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартоның Қазақстанға ресми сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында келіссөздер жүріп жатыр.
Ресми сапар аясында Петер Сийарто еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті. Жиын барысында тараптар екіжақты байланыстың жай-күйін талқылады. Сондай-ақ халықаралық қатынастар және мәдениет салаларында ынтымақтастықты көздейтін меморандумдарға қол қойды. Бұдан бөлек, Мажарстанның Сыртқы істер министрі виза мәселесінде Қазақстанды қолдайтынын айтты.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі:
- Ең біріншіден, бірте-бірте енгізіледі бұл процесс. Ең алдымен біздің талабымыз біздің азаматтарға төлқұжатты жеңілдету мәселесі. Қазіргі келіссөзде министр Сийартомен бұл әңгімені талқылаған болатынбыз. Өз жағынан Мажарстан бұл келіссөздер көмегін көрсетеді деп түсіндім.
Бұдан бөлек, министрлер бірқатар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды сөз етті. Петер Сийарто Мажарстанның екіжақты байланысты Түркі кеңесінің шеңберінде де дамытуды көздейтінін айтты. Еске салайық, бұл мемлекет 2018 жылдан бері байқаушы дәрежесіне ие.
Петер Сийярто, Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі:
- Карантин жағдайындағы екіжақты байланыстың қаншалықты маңызды екенін көрдік. Пандемия аяқталған соң бизнес форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда бұл байланысты одан әрі дамытуға мүдделі мемлекеттердің компанияларын шақырамыз. Қазақстанда Мажарстан экспорт-импорт банкінің кеңсесі ашылады. Мұнда біздің компанияларымыз көбейеді. Жалпы біз үшін Орталық Азия нарығы өте маңызды.