433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕАЭО елдеріне бірдей вакцина құжаты енгізіле ме?

  • 82
  • UPD: 21:44, 08.04.2021

Ковид-төлқұжаттар адам құқығын шектемеуі тиіс. Бүгін бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәслихатында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтты. Тілшіміздің «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде бірыңғай ковид-төлқұжат енгізілуі мүмкін бе» деген сұрағына министр бұл мәселені санитарлық дәрігерлер реттеуі керектігін айтты.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

- Вакцина төлқұжаттары туралы әңгімелер бітер емес. Алғаш рет ол жөнінде Еуропалық Одақта айтыла бастады. Түрлі пікірталас пен қарама-қайшы көзқарастар болды. Қалай болғанда да ковид-төлқұжаттар адамның жүріп тұру құқығын шектемеуі тиіс. Бұған жол берілмеуі де керек. Сол үшін біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында азаматтардың құқығын бұзбайтын бірыңғай ереже ойлап табуымыз қажет. Вакцина төлқұжаттары адамның денсаулық жағдайын көрсететін құжат ғана болуы шарт.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Сыртқы істер министрі

- Еуразиялық даму банкі вакцина салдырғандарды бақылайтын цифрлық платформа жасады. Бұдан бөлек бізде ПТР тестілеуден өткендерді бақылайтын жүйе де бар. Сергей Викторовичпен кездесу барысында біз бұл тұғырнамаларды біріктіру жайын талқыладық.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан мен Ресейдің сыртқы істер министрлері Нұр-Сұлтанда екі жақты келіссөздер өткізді. Кездесу барысында ведомство басшылары Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Сонымен қатар Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Таяу Шығыстағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша пікір алмасты. Бұдан бөлек Сергей Лавров Ресейдің қазақстандық студенттерді қабылдауға әзір екенін жеткізді.

Айта кетейік, көршілес елде бүгінде 66 мыңнан астам азамат білім алады.

Хабар 24 телеарнасы