ЕҚЫҰ төрайымы Қазақстанға ресми сапармен келді

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрайымы, Швеция Сыртқы істер министрі Анн Линде Орталық Азия елдеріне турне аясында Қазақстанға ресми сапармен келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапар барысында ұйым басшысы еліміздің Сыртқы істер министрі, Премьер-министрдің орынбасары Мұхтар Тілеубердімен кездесті. Қос тарап ұйымның күн тәртібіндегі әскери-саяси, экономикалық және гуманитарлық мәселелерді талқылады. Екі жақ 2010 жылы желтоқсанда қабылданған «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» атты Астана декларациясының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар екі ел арасындағы ынтымақтасты дамыту мәселелері қарастырылып, денсаулық сақтау, ақпараттық технология, энергетика және өзге де салалардағы әріптестікті кеңейту мәселелері талқыға түсті.

Анн Линде, ЕҚЫҰ төрайымы, Швеция сыртқы істер министрі:

- Қазақстанмен ұйым аясындағы барлық мәселелер бойынша ынтымақтастық тығыз дами беретініне сенімдімін. Әсіресе, климаттың өзгеруі және аймақтық қауіпсіздік сұрақтары бойынша серіктестікті нығайтуға ниеттіміз. Осы ретте коронавирус індетінің салдарына пайда болған қауіп-қатерлермен күресудегі әріптестігіміз оң нәтиже беріп жатыр.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі:

- Қазақстан ұйымның беделін одан әрі нығайтуға және жан-жақты өзара әрекеттесуді тереңдетуге бағытталған ұзаққа созылған қақтығыстарды шешуде және сенім шараларын құруда, гендерлік теңдік пен адам құқықтарын, экологиялық қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлықпен күресті алға жылжытудағы басымдықтарды толығымен қолдайды.