429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық депутаттар ТМД парламентаралық ассамблеясының көктемгі сессиясына қатысты

  • 117
  • UPD: 23:19, 15.04.2021

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің депутаттары ТМД парламентаралық ассамблеясы кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиын Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өтті. Іс-шара барысында ТМД елдері ұлттық Парламенттерінің басшылары – Ассамблеяның қызметіне қатысты бірқатар мәселені, оның ішінде ұйымның 2020 жылғы жұмысын талқылады.

Дана Нұржан, тілші:

– ТМД парламентаралық ассамблеясының көктемгі сессиясы карантиннен кейін алғаш рет оффлайн өтіп жатыр. Іс-шара кезінде санитарлық ережелер мұқият сақталып келеді. Басқосудың күн тәртібі пандемия салдарына қатысты. Депутаттар коронавирустың таралуына қатысты туындаған сын-қатерлерді, пандемия кезінде миграция үрдісін заңмен реттеу және індеттен кейін экономиканы қалпына келтіру мәселелерін талқыға салды.

Жиында ТМД Парламентаралық Ассамблеясы халықаралық байқаушыларының биыл 10 қаңтарда өткен Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша есебі де қаралды. Отырыста сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев ұйымға байқаушыларды жібергені үшін алғыс білдірді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Сенат төрағасы:

– Жаңа шақырылымдағы Парламенттің алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті өткен сайлаудың тәжірибесін ескере отырып, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуді ұсынды. Мұндай қадам елдегі саяси бәсекелестіктің дамуына ықпал етері сөзсіз. Азаматтардың сайлау құқығын қорғауға тиісті жағдай жасау үшін барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізілетін болды.

Сенат Төрағасы алдағы уақытта Мемлекет басшысының жаңғыру бағдарын іске асыру аясында Қазақстандағы саяси жүйені жетілдіру жұмыстары жалғаса беретінін мәлімдеді. Мәулен Әшімбаев Санкт-Петерборда жұмыс сапары барысында Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения делегацияларымен екіжақты кездесулер өткізді. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров

Хабар 24 телеарнасы