427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Nur Otan-ның сайлауалды уәделерінің орындалуын 1738 қоғамдық кеңес қадағалайды

  • 92
  • UPD: 14:49, 19.04.2021
Nur Otan-ның сайлауалды уәделерінің орындалуын 1738 қоғамдық кеңес қадағалайды

Еліміз бойынша «Nur Otan» филиалдарының басшылары – әкімдердің қатысуымен партияның өңірлік Саяси кеңестері бюросының отырыстары өтті.

Онда әрбір өңірде, қала мен ауданда сайлауалды уәделердің іске асырылуын бақылау жөніндегі жаңа қоғамдық кеңестердің басшылары мен құрамдары бекітілді, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Орталық аппараттың баспасөз қызметі хабарлағандай, бұған дейін Елбасы – партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша барлық өңірде «Nur Otan» партиясының 217 сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол карталары қабылданып, жауапты депутаттар мен орындаушылар бекітілген. Жылдар мен нақты іс-шаралар көрсетілген 80 мыңнан астам индикаторға қолжеткізу көзделіп отыр.

Партия лидері қойған міндеттерді ескере отырып, сайлауалды бағдарламалардың нақты бағыттарын жүйелі бақылау үшін өңірлік және аумақтық деңгейде 1 738 қоғамдық кеңес құрылды.

Кеңестердің құрамына 11 388 белсенді, оның ішінде мәслихат депутаттары, партиялық кадрлық резерв өкілдері, өңірде беделді және жергілікті жерлердегі түйінді мәселелерді жақсы білетін азаматтар, сарапшылар және т.б. кірді.

Партия жаңа кеңестердің жұмысы қоғамдық пікірді ескере отырып, партияның еліміз бойынша барлық қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан келген өтініштерді талдау негізінде жария форматта құрылатынына уәде береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Саяси кеңес бюросының шешімімен таратылған партиялық кураторлар институтының орнына «Nur Otan» сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылған болатын.

Өткен аптада Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың 600 жас депутатынан тұратын корпустың құрылғаны туралы айтылған. Нұротандық жас депутаттар жастарды қолдауға және заң шығару процесінде олардың мүдделерін қорғауға күш-жігерлерін біріктіруге ниетті.

Хабар 24 телеарнасы