Мемлекет басшысы Татарстан Президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан Президентімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізге жұмыс сапарымен келген Рустам Миннихановпен жүздесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанмен ынтымақтастық Ресей Федерациясымен арадағы кешенді іс-қимылдардың ішіндегі ең маңыздысы екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Татарстан Президентінің жақында Қарағанды облысына жасаған сапарын жоғары бағалады. Атап өтейік, сол сапар кезінде Саран қаласында дөңгелек шығаратын зауыт іске қосылған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз бұл кәсіпорынға үлкен үміт артып отырмыз. Қазақстандықтардың үлкен бір тобына Татарстанда білім алуға мүмкіндік жасағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен мұны бұдан кейін де жалғасы болатын нақты жоба деп білемін. Біздің нарықта «Татнефть» компаниясынан басқа, «КамАЗ» кәсіпорнымен бірлескен жобаларымыз да бар.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанмен мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта беруге бейілді екенін жеткізді. Қазақ елінің басшысы Рустам Миннихановқа Нұр-Сұлтан қаласынан татар халқының көрнекті өкілі, айтулы ақын Ғабдолла Тоқайдың атына бір көше берілетінін айтты. Бұл екі халық арасындағы ынтымақтастықтың жарқын белгісі болмақ. Өз кезегінде Татарстан Президенті Қазақстанға жасаған кезекті сапарының табысты өткеніне ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз татар мәдениетін өте жақсы білеміз және құрметтейміз. Сіздердің мәдениеттеріңіз біздің елде кеңінен танымал. Таяу уақытта, пандемия біткеннен кейін Қазақстанда Татарстан мәдениеті мен өнерінің күндерін өткізуге келісеміз деп ойлаймын. Біз бұл іс-шараның табысты өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының Президенті:

- Ресей – Қазақстан қарым-қатынастары аясында Татарстан көптеген жобаларды іске асырып жатыр. Екіжақты байланыстардың іргетасы берік. Біздің Тұңғыш Президентіміз Минтемір Шаймиев Сізге дұғай сәлем айтып жатыр. Оның Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысының арқасында өзара қарым-қатынасымыздың негізі мықты қаланған. Елдеріңізде татар халқының өкілдері тұрады. Олармен тығыз байланыс орнатып, түрлі шаралар өткізіп тұруға мүмкіндік жасап отырғандарыңыз үшін құрметті Президент, өзіңізге алғысымды білдіремін.

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, энергетикалық кооперацияларды одан әрі нығайту, сондай-ақ, коронавирус пандемиясымен бірлесіп күресу мәселелерін де талқылады.