Өңірлік атқарушы биліктің бюджетті игеруге қатысты жауапкершілігі артады

Бүгін Парламент Мәжілісінің қабырғасында тиісті заң жобасы қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжатты таныстырған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, әр аймақ өзінің ерекшеліктеріне сай бюджеттік жоспарлар құруға мүмкіндік алады. Ал, қаражат игерілмесе, оған ең алдымен әкімнің өзі жауап береді. Олар жыл сайын Парламентте республикалық қазынадан бөлінген ақшаның қалай жұмсалғаны жайында баяндайды. Сондай-ақ ведомство басшысы 2024 жылға дейін бірыңғай шоттар жоспары енгізілетінін хабарлады. Соның арқасында бухгалтерлік және бюджеттік есеп ортақ жүйеге біріктіріледі. Егер заң жобасы қабылданса, бюджеттік шығындарды қайтару процесі әлдеқайда жеңілдейді деп күтіліп отыр. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин құжаттың маңыздылығын атап өтіп, заңда қарызын уақытында қайтармайтын жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін нақты көрсету қажет екеніне ерекше тоқталды.