Адвокаттар мен прокурорлардың сотта сөзжарыс жүргізуіне жағдай жасалуы керек – Президент

Соттың қорытынды үкімі процеске қатысушыларға да, жалпы қоғамға да түсінікті болуы тиіс. Ал заң жобасына енгізілетін нормалар нақты жұмыс істеу керек.

Реформалардың мәні мен маңызын қашыратын мүдделер қайшылығына жол бермеу қажет. Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бесінші отырысында Президент осылай деді. 

Жоғарғы кеңестің бесінші отырысы онлайн форматта өтті. Жиында бес мәселе қаралды. Әуелі жауапты тұлғалар қоғамға серпін беретін ұлттық жобалар туралы баяндады. Осы ретте Мемлекет басшысы ұлттық жобалар бірін-бірі қайталамауы қажет деді. Олар негізгі міндеттерді шешуге бағытталуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жобаларды іріктеудің нақты әдістемелік базасы болуы керек. Ол қандайда бір ұлттық жобаның кешенді әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеруі қажет, құжат түсінікті болуы тиіс. Субъективтілікке жол берілмейді.

Президент ұлттық жобалар барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етіліп, бюджеттен қаржыландыру кезінде сөзсіз басымдыққа ие болуы тиіс екенін атап өтті. Кейін Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестегі өзінің орынбасары Сума Чакрабартиге және оның командасына ұлттық жобаларды сараптау бойынша атқарған жұмыстарына алғыс айтты. Ұсыныстар экономика, әлеуметтік сала және мемлекеттік басқару бойынша реформаларды жүзеге асыру барысында негізгі база болуы мүмкін. «Цифрлық Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша Бағдат Мусиннің жаңалықтар енгізу туралы баяндамасы оң бағаланды. Президент аталған саланы дамыту тұжырымдамасындағы ұсыныстарды және «DigitEL» ұлттық жобасын мақұлдады. Мақұлдады да, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2026 жылға дейінгі ұлттық жобасы туралы да пікірін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Баяндамадағы бірқатар бағыт Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасына кіруі тиіс еді. Ұлттық жоба түйінді мәселелерді шешуге бағытталып, қолданыста қолайлы болуы қажет. Жалпы алғанда, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың базалық тәсілдерін қолдаймын. Талқылау қорытындысы бойынша Үкіметке жобаны пысықтау тапсырамын.

Мемлекет басшысы жаңадан реттеу тетіктері туралы баяндамаға қатысты пікір білдіріп, елге қуатты, бәсекеге қабілетті жеке бизнес керек екенін атап өтті. Ол ұлттық экономиканың және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Заң жобасына енгізілетін нормалар нақты жұмыс істеуі керек. Реформалардың мәні мен маңызын қашыратын мүдделер қайшылығына жол бермеу қажет.

Президент құқықтық реформалар туралы айта келіп, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету мақсатында сот жүйесін біртіндеп және жүйелі жаңғыртамыз деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл құқықтық мемлекеттің аса маңызды көрсеткіші, инвестициялық тартымдылықтың, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз етудің негізі. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға тиіс. Реформалар қоғамның соттарға сенімін күшейтуі, сотқа жаңа кәсіби мамандарды тартуға ынталандыруы, сот процестерінің тиімділігі мен қолайлылығын арттыруы қажет.

Мемлекет басшысы әзірленген тетіктер сот саласына құқықтың жекелеген бағыттары бойынша мықты заңгерлер мен мамандарды тартуға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл мәселе Парламентте азаматтық қоғам өкілдері һәм заңгерлердің қатысуымен ашық әрі жан-жақты талқыланады. Осы ретте Президент тиісті заң жобасын биыл қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл реформа өте маңызды. Ол Қазақстанның заманауи және тиімді мемлекетке трансформациялануына бағытталған жұмыстардың басын біріктіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық процесті реформалау туралы айтып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың басымдығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Прокурорлар мен адвокаттардың сотта сөз жарыс жүргізуіне шынайы жағдай жасалуы, сот шешімдеріне шағымдану мүмкіндіктерінің кеңейтілуі, бірыңғай сот практикасы қамтамасыз етілуі тиіс. Соттың қорытынды үкімі процеске қатысушыларға да, жалпы қоғамға да түсінікті болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси, сот, экономикалық және әлеуметтік салалардағы барлық өзгерісті шетелдік әріптестерге сауатты жеткізу керектігін айтты. Сөйтіп аталған жұмысты Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Ержан Қазыханға үйлестіруді жүктеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестициялық дауларды шешуге де арнайы тоқталды. Осы ретте Үкіметке биылғы жылдың 1 тамызына дейін Сума Чакрабартидің баяндамасында айтылған мәселелерді жан-жақты қарастыруға пәрмен берді. Бұл жұмысты үйлестіру Президент Әкімшілігіне міндеттелді. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Бізге сапалы серпін керек. Ол үшін бәріңізді жүйелі және тиімді жұмыс істеуге шақырамын» деді.

Қорған Қонысбайұлы