Қауіпсіздік Кеңесінің келесі отырысында талқыланатын мәселе белгілі болды

Ұлттық қауіпсіздіктің барлық аспектілеріне, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен құқық қорғау жүйесінің жұмысына одан әрі талдау жүргізіледі. Қауіпсіздік Кеңесінің келесі отырысында Қарулы Күштерді дамыту жайы талқыланады. Мұны Елбасы айтты.

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысын қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев аталған жиынға сапалы дайындық жүргізу қажеттігін атап өтті. Елбасы бұдан бөлек су тасқыны мен селден қорғану, өрт қауіпсіздігі сынды өзекті мәселелерге, сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңде ұлттық экономиканы әрі қарай дамыту ісіне назар аударды. Ал Әсет Исекешев құқық қорғау жүйесін кезең-кезеңімен реформалаудың алғашқы нәтижелерін баяндады.

Әсет Исекешев, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы:

- Елдің негізгі құжаттарының бірі саналатын «2025 жылға дейінгі ұлттық қауіпсіздік стратегиясының» жобасы сіздің қатысуыңызбен өткен Кеңес отырысында мақұлданды. Жоба Үкіметпен және Президент Әкімшілігімен жетілдірілді. Жақын арада бекітіледі. Ал, қазір Ұлттық қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу жөніндегі іс-әрекет жоспары аясында жұмыс істеліп жатыр. Екінші мәселе – бұл криминогендік жағдай. Биыл қылмыс деңгейі төмендеді. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 13 процентке азайды. Үшіншіден сізге құқық қорғау жүйесін кезең-кезеңімен реформалаудың алғашқы нәтижелерін баяндаймын. Процессуалдық шешімдер бойынша прокурормен келісу институтын енгізу азаматтардың қылмыстық процестегі конституциялық құқықтарының бұзылуын үштен бірге негізсіз қамауға алынған адамдар санын екі есе азайтуға жол ашты

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы:

- Сондай-ақ Ә.Исекешев 28-29 сәуірде Душанбеде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысына дайындық барысы туралы баяндады. Аталған жиында өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер, терроризм мен есірткі қылмысына қарсы күрес және өзара іс-әрекеттің өзге де аспектілері талқыланбақ.