Қазақстан БҰҰ АзТМЭӘК-тің 77-сессиясында төрағалық етуде

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бангкоктегі бөлімшесінде БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АзТМЭӘК) 77-ші жыл сайынғы аралас форматтағы сессиясы өз жұмысын бастады.

Сессияның төрағасы болып Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді сайланды.

Сессияның ашылуында сөз сөйлеген М.Тілеуберді өңірлік елдердің қазіргі кездегі негізгі сын-қатерлерін атап, туындаған мәселелердің шешу жолдары туралы өз көзқарасын ұсынды.

«Азия-Тынық мұхит аймағындағы өңірлік ынтымақтастық шеңберінде «бұрынғыдан да жақсы» қағидаты негізінде дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру» тақырыбында өткізілетін АзТМЭӘК-тің 77-сессиясының жоғары сегментінде мемлекет және үкімет басшылары, оның ішінде Ауғанстан, Әзербайжан, Бангладеш, Индонезия, Камбоджа, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Таиланд, Өзбекстанның басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері және басқа да лауазымды тұлғалар мәлімдеме жасады.  

Сессияға қатысушылар COVID-19 пандемиясына жауап ретінде өңірлік ынтымақтастық пен байланыстың артуы, оның әлеуметтік-экономикалық әсері, сондай-ақ дағдарыстарға төзімділікті арттыру және пандемиядан әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіруді тездету жолдары мәселелерін қозғады.

БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы 1947 жылдың наурызында құрылды. АзТМЭӘК штаб-пәтері Бангкокта орналасқан. Комиссия өңірлік және субөңірлік ынтымақтастықты арттыру арқылы Азия-Тынық мұхит елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына көмектесуге арналған.

Комиссия құрамына қауымдастырылған мүше мәртебесі берілген 53 мемлекет пен 9 аумақ кіреді. АзТМЭӘК Азия-Тынық мұхит аймағындағы ең әмбебап ұйым және географиялық қамту және халық саны бойынша БҰҰ аймақтық комиссияларының ішіндегі ең ірісі болып табылады (әлем халқының 60%).

Ақпарат көзі: ҚР СІМ баспасөз қызметі