429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәжіліс әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы заң жобаны мақұлдады

  • 99
  • UPD: 14:43, 28.04.2021
Мәжіліс әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы заң жобаны мақұлдады

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелер туралы заң жобасы I оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесі заң деңгейінде реттеліп, оның мәртебесі нақты айқындалуы тиіс екеніне назар аударды. Құжатқа сәйкес субъектіні әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайтын болады.

Оның құрамына кімдер кіретінін және оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қалай жоспарланып отырғанын депутаттар назарға алды.

«Қандай комиссия, қандай кәсіпкер болса да ол жергілікті халықтан артық білмейді. Сондықтан, бұл комиссияға қоғамдық өкілдердің кіргені дұрыс», – деп Мәжіліс төрағасы сонда ғана бақылау ашық болатынын және бұл өте қажетті норма екенін айтты.

Палата спикерінің айтуынша, заң жобасы «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымын, бизнес субъектілерін кәсіпкерліктің осы түріне жатқызу санаттарын анықтап, әлеуметтік кәсіпкер көмектесетін немесе оның кәсіпорнының штатында болуы тиіс халықтың әлеуметтік осал топтарының тізбесін нақтылайды.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, осының бәрі бизнестің әлеуметтік маңызды бағытын дамытуға мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Мәжіліс төрағасы өңірлік комиссия тізілімге енгізу үшін әлеуметтік кәсіпкерлердің өтінімдерін жинайтынын атап өтіп, осы тізілімде тұрған кәсіпкерлердің қосымша екі түрі бойынша салық жеңілдіктері болатынына (бұл мүлік салығын төмендету, сондай-ақ салық салынатын кірісті азайту) тоқталды.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл құжат әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шараларын заңнамалық тұрғыдан бекіту мақсатында әзірленді және салық салынатын кірісті азайтуды және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін салық базасына 0,5 пайыз мөлшерлеме бойынша мүлік салығын есептеуді көздейді.

Сонымен қатар депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобасын мақұлдады. Олар: Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа қатысты келісім және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы заң жобасын қабылдау кедендік әкелу баждарын, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу үшін бірнеше төлем тапсырмасын пайдалану қажеттілігіне байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың шығындарын барынша азайтуға, сондай-ақ кедендік әкелу баждарын және басқа да төлемдерді әкімшілендіруді оңайлатуға мүмкіндік береді.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Атап айтқанда, А.Милютин, Ж.Ахметбеков, Қ.Иса, С.Имашева, А.Сембинов, А.Жұмабаева, З.Камасова, И.Бұларов, С.Ертаев, Е.Бейсенбаев, Ж.Әшімжанов.

Ақпарат көзі: Мәжілістің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы