Самарқанд қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылды

Өзбекстанның Самарқанд қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылды. Шараға Қазақстанның көрші елдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды мен Самарқанд облысының әкімі Эркинжон Турдимов қатысты.

Бас консулдықтың ашылуы қос мемлекет президенттерінің келісімі арқасында жүзеге асты. Тиісті қаулыға былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Енді Бас консулдық көрші елде жүрген отандастарымыздың мүддесін қорғап, заңнамалық мәселелерді шешумен айналысады. Жақын арада Самарқанд қаласының халқы 1 миллионға жетіп, жаңа статусқа ие болады деп күтіліп отыр. Бұл өз кезегінде туристік мүмкіндікті кеңейтіп, инвестициялық тартымдылықты арттырады. Қазақстанның Бас консулдығы осы бағытта да жұмысын күшейтеді. 

Азамат Аубеков, Қазақстанның Самарқанд қаласындағы Бас консулы:

- Біздің мекеме қамтитын консулдық округке Өзбекстанның 5 облысы, яғни Самарқанд, Бұхара, Жизақ, Қашқадария, Сұрхандария аймақтары мен Қарақалпақстан Республикасы кіреді. Осы өңірлердегі қазақ диаспораларымен де жұмыс істейтін боламыз. Тағы басты бағытымыз екі ел арасындағы сауда-экономикалық және туризм салаларындағы қарым-қатынасты әрі қарай дамыту болады.