Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекеттер басшылары қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы қақтығыстан кейінгі қалыптасқан жағдайды талқылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа және қырғыз халқына бауырлас ел азаматтарының қаза болуына байланысты көңіл айтты. Қазақстан Президенті мұндай шекаралық мәселелерді өзара түсіністік пен тату көршілік аясында тек қана бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өтті. Ол Душанбеде өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздерге табыс тіледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қажет болған жағдайда Қазақстанның Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екенін айтты. 

Садыр Жапаров бауырлас Қазақстанның достық ниет танытқанына ризашылық білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ынтымақтастықтың барлық мәселелерін жедел шешу үшін тұрақты байланыста болатынын жеткізді.