Испания Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мүдделі

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Испанияның сыртқы саяси ведомстволары арасында кезекті саяси консультациялар өтті.

Іс-шара алдында испан делегациясының басшысы Испания Корольдігінің Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Кристина Гаякты Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қабылдады. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың бірқатар өзекті мәселелері мен халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасылды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаевтың және К.Гаяктың төрағалығымен өткен саяси консультациялар барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ COVID-19 пандемиясының екі елдің экономикасына әсері және оның жағымсыз салдарына қарсы шаралары қарастырылды.

Нұр-Сұлтан мен Мадридтің көпжақты форматтағы өзара іс-қимылы келіссөздердің жеке тақырыбы болды. Тараптар Қазақстанның Еуропалық одақпен, оның ішінде ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі өзара іс-қимылын талқылады.

Келіссөздер нәтижесі бойынша жоғарғы және аса жоғары деңгейлердегі байланыстарды және парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру, шарт-құқықтық базаны кеңейту, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету туралы уағдаластықтарға қолжеткізілді.

Ақпарат көзі: ҚР СІМ баспасөз қызметі