Қырғызстанға гуманитарлық көмектің екінші бөлігін мамырдың соңына дейін жеткізу көзделді

Қырғызстанға қазақстандық ұнның алғашқы бөлігі жеткізілді. Бұл ауылы аралас, қойы қоралас жатқан ағайынға деген гуманитарлық көмек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көрші елге 10 мың тонна ұн мен жоғары өнімді бидай тұқымының мың тоннасы жеткізіледі.

Қазақстаннан төрт жарым мың тонна бидай ұны жеткізілді. Бұл гуманитарлық көмектің бірінші бөлігі. Арнайы қаптарға оралған өнімді Мемлекеттік материалдық қор қоймаларына түсіріп жатыр. Ұн кімге тегін үлестірілетіні туралы шешім қабылданғанша бұл азық осында сақталады.

Азамат Мукашев, Қырғызстан ауыл шаруашылығы, тағам және өңдеу өндірісі министрінің орынбасары:

- Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп министрлер кабинеті халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына ұнды үлестіру  тетігін әзірлеп жатыр. Осындай сәтте Қазақстан бізге елеулі жәрдем беріп отыр деп санаймын. 

Гуманитарлық көмектің алғашқы бөлігі елдің солтүстігіндегі Қара-Балта және Балықшы қалаларына жеткізілді. Қалғаны оңтүстіктегі ең ірі екі шаһар - Ош пен Жалал-Абадқа әкелінеді. Ал осы жерден мұқтаж адамдарға тегін бөлінеді.

Рәпіл Жошыбаев, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Былтыр пандемия басталған кезде Қазақстан тап осылай көмектесіп, Қырғызстанға 5 мың тонна ұн жеткізген болатын. Үкімет шешімімен өкпені жасанды желдетудің 400 аппараты мен 2 миллион маска бөлінді. Сондықтан Қырғызстан халқының алғысы шексіз. Біз үнемі жәрдем беріп тұрамыз деп ойлаймын.

Жоғары өнімді бір мың тонна күздік бидайдың тұқымынан келер жылы мол астық жинауға болады. Осылайша көрші елдің фермерлері сапалы дәнді еге алады. Ал ұнның қалған бөлігі бес жарым мың тонна мамыр айының аяғына дейін жеткізілуі тиіс.

Автор: Бакыт Чермашев