Қ.Тоқаев пен Э.Рахмон жоғары деңгейде келіссөздер жүргізеді

Мемлекет басшысы ресми сапармен Тәжікстанға барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон ертең жоғары деңгейде келіссөздер жүргізеді. Президенттер нақты қай бағыттарға басымдық бермек?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Мемлекет басшысының борты Душанбе әуежайына жергілікті уақытпен сағат бес кезінде келіп қонды. Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан Президент Эмомали Рахмон күтіп алды. Енді ертең мемлекеттер басшылары әуелі шағын, кейін кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өткізбек. Жиында саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта отырып, қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігін дамытуға басымдық берілмек. Сондай-ақ өңірлік кооперацияны жандандыру, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету де осы кездесуге арқау болмақ. Атап өтейін, бұл Мемлекет басшысының биыл сыртқа жасаған алғашқы сапары. Елдерінде індеттің беті қайтқан соң Президент Эмомали Рахмон мамырдың басында Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәжікстанға ресми сапармен келуге шақырған еді.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров, Алмас Омарғалиев