Мұхтар Құл-Мұхаммед Румынияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Мұхтар Құл-Мұхаммед Румынияның Қазақстандағы елшісімен кездесті
senate.parlam.kz

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Румынияның біздің елдегі елшісі Чезар-Маноле Армянумен Қазақстанның осынау еуропалық мемлекетпен ынтымақтастығын нығайту келешегін талқылады.

Алдағы жылы біздің елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. Осыған орай әңгіме барысында тараптар өткен жылдарда байланыстардың жемісті дамуы үшін берік іргетас қалаумен қатар өзара тиімді көптеген бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізгені аталып өтілді. Бұл қатарда қарқынды дамып келе жатқан парламентаралық диалог ерекше орын алады.

«Румын депутаттары еліміздің қоғамдық-саяси өміріне баса назар аударып отыр. Оған екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін «Қазақстан-Румыния» достық топтары зор еңбек сіңірді. Біз осы топтардың әлеуетін белсенді пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Біз румыниялық әріптестерімізбен екіжақты ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі және Парламентаралық Одақ сияқты халықаралық парламентаралық ұйымдар аясында көпжақты байланыстарды дамытуға ниеттіміз», – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Жүздесушілер экономикалық байланыстарды ұлғайтудың маңызын да атап өтті. Жоғары технологиялар, энергетика, ауыл шаруашылығы салалары мен транзит-көліктік және инвестициялық әлеуетті ауқымды іске асыру келешегі зор бағыттар болып белгіленді. Біздің елдеріміз арасындағы белсенді мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін одан әрі қолдаудың да маңызы зор болып отыр.

«2020 жылы Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында Румынияда маңызды шаралар өтті. Бухарестте қазақтың ұлы ақынына бюст ашылды. Басқа қалаларда мәдениет күндері мен қазақстандық кино күндері өткізілді. Бабеш-Бояй университетінде «Қазақстан» орталығын, Меджидия қаласында «Қазақстан» скверін және Құрманғазы ескерткішін, сондай-ақ Нұр-Сұлтанда ақын Михай Эминескудің ескерткішін ашу жоспарда бар», – деп атап өтті сенатор.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстан Сенаты екіжақты ынтымақтастықтағы осы және басқа да мәселелер бойынша Қазақстан мен Румыния арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі белсенді жұмыстарды жалғастыра беретінін атап өтті.