Қ.Тоқаев Э.Рахмонды Қазақстанға шақырды

Мемлекет басшының Тәжік еліне іс сапары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президенттер кеңейтілген құрамдағы келіссөзде арадағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуды талқылады. Бұдан бөлек, өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп кооперациясын арттыру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне баса мән берілді. Сондай-ақ су-энергетика, әскери-техникалық һәм мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастық талқыланды. Мемлекет басшысы екі ел арасында 80-нен астам шарт пен келісімдерден тұратын маңызды шарттық-құқықтық база бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының президенті:

– Бұл жағдай көп дүниеден хабар береді деп ойлаймын. Шын мәнінде, Тәжікстан – біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біз де Тәжікстанмен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Сізді, құрметті Эмомали Шәріпұлы, Қазақстанда тәжік халқының барша жұрт мойындаған көшбасшысы деп таниды және құрметтейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздің алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Ал Эмомали Рахмон бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікке құрылған қатынастарды жоғары бағалайтынын жеткізді. Сөйтіп Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжік-қазақ байланыстарының дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар Тәжікстан Президенті саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы екіжақты ықпалдастықтың дәйекті дамуына көңілі толатынын айтты. Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.