425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенаторлар квазимемлекеттік сектордың сатып алулары туралы заң жобасын қарайды

  • 102
  • UPD: 12:47, 24.05.2021
Сенаторлар квазимемлекеттік сектордың сатып алулары туралы заң жобасын қарайды

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда 27 мамырда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі талқыланды.

Бюро мүшелері «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясын қызметтен босату туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуын қарап, бұл мәселені Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне шығарды.

Сондай-ақ сенаторлар алдағы отырыста «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарайды.

Бұл құжаттар ұлттық басқарушы холдингтердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және жарғылық қызметін орындау үшін қажетті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды реттеудің заңнамалық негізін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар заң жобасында Қазақстан Республикасының жекелеген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау регламенті нақтыланады және оған іс-әрекеттерге шағымдану жөніндегі нормалар енгізіледі.

Сенат отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қарайды.

Бұдан басқа, Бюро отырысы барысында Мәжілістен келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті бас комитет болып белгіленді.

Ақпарат көзі: Сенаттың баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы