427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы қол қойған заңдарға түсіндірме жарияланды

  • 301
  • UPD: 22:09, 25.05.2021
Мемлекет басшысы қол қойған заңдарға түсіндірме жарияланды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook парақшасында Мемлекет басшысы қол қойған заңдарға түсіндірме жариялады.

Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар маңызды заңға қол қойды.

Атап айтқанда:

1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына;

2) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға.

Мынадай түзетулер енгізілді:
– Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауын енгізу: «Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жиырма бес жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан төрт жыл мерзімге лауазымға сайлайды».
– Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беру: «Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі;
– Сайлауда саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді.

3) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Мынадай түзетулер енгізілді:
– Кредиттік бюроларда кредит тарихтарын сақтау мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту: «Кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісіне қатысты ақпараттың сақталуын ол туралы соңғы ақпарат алынған күннен кейін 5 жыл бойы қамтамасыз етеді».
– Коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады. Сондай-ақ олар борышкерлермен кез келген өзара әрекеттесу процессінің бейне және аудио жазбасын жүргізуге міндеттеледі.

4) «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Мынадай түзетулер енгізілді:

– 2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын нақтылау мақсатында әзірленді;
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген тапсырмаларды, сондай-ақ коронавирус індетіне қарсы күрес шараларын іске асыруға бағытталған.

Хабар 24 телеарнасы