Қ.Тоқаев: Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады

Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға ынталандыру қажет екенін атап өтіп, «ақылды» қалаларды дамыту аясында күн панельдері мен шағын станцияларды пайдаланудың пилоттық жобаларын жүзеге асыруды ұсынды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте айтты.

– Мен таза энергетиканы және жалпы жасыл технологияны жақтаймын. Жаңартылатын қуат көздерін пайдаланатын электр станцияларын салуды қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы атом энергетикасынан алдын ала бас тарту дұрыс емес әрі қате деген мамандардың пікірімен келісті.

– Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды, – деді Президент.