Елбасы АӨСШК хатшылығының атқарушы директорын қабылдады

Елбасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетаралық диалогты нығайтудың маңыздылығын атады. 1992 жылы, тәуелсіздік алғаннан кейін бір жыл өткен соң, БҰҰ мінберінде мен осы кеңесті шақыру туралы идеяны көтердім. Бірінші саммит 2002 жылы Алматыда өтті. Биыл министрлер деңгейінде кездесу өтеді. Ал келесі жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 30 жылдығына арналған VI саммит өткізу жоспарлануда. Бұл іс-шараларға сапалы дайындықты қамтамасыз ету маңызды деді Елбасы.

Форумда кеңесті Азиядағы өңірлік қауіпсіздіктің толыққанды халықаралық ұйымына айналдыру басты мәселелердің бірі деп танылған. Қайрат Сарыбайдың айтуынша, қазіргі уақытта кеңестің іргелі қағидаттары мен мақсаттарын сақтай отырып, елеулі құрылымдық өзгерістерсіз халықаралық ұйым ретінде қайта құруға мүмкіндіктер бар. Кеңестің қайта құрылуы Азия құрлығының 90% жуық аумағын қамтитын 27 мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайта түседі деген жоспар бар.