Асқар Мамин Беларусь Премьер-министрімен келіссөз өткізді

ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Минск қаласына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченкомен келіссөз жүргізді.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіп салаларындағы, фармацевтика мен денсаулық сақтаудағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру перспективасын талқылады.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды.

2021 жылдың І-тоқсанының қорытындысы бойынша екі жақты тауар айналымы $175,6 млн құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ке жоғары. Қазақстанда 40% деңгейінде жергіліктендірумен ірі өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша ҚР мен БР 8 бірлескен кәсіпорыны белсенді жұмыс істейді.