Қырғызстан Президенті Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалады

Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен кездесті.

М.Тілеуберді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қырғызстан халқына гүлдену мен амандық тілеген жылы лебіздерін жеткізді. Сонымен бірге, ол Мемлекет басшысының Қырғыз Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықтың тұрақты дамуына терең мүдделі екенін атап өтті.

Министр Қазақстан мен Қырғызстан тарихи бауырластық байланыстармен  байланғанын, бұл біздің елдеріміз арасындағы жан-жақты және көп қырлы ынтымақтастықтың айғағы екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент С.Жапаровтың жақында Нұр-Сұлтан қаласына жасаған мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастарға қуатты серпін бергенін айтып кетті.

«Қазақстан сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды арттыруға мүдделі. Бұл үшін біздің елдеріміздің қажетті әлеуеті бар», - деді М.Тілеуберді.

Өз кезегінде Қырғызстан Президенті екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайын жоғары бағалап, барлық қазақстандық бастамалар мен инвестициялық жобаларға жеке қолдау көрсететінін айтты.

«Біз Қазақстанмен, жақын көршімізбен және достас республикамен қарым-қатынасымызды өте жоғары бағалаймыз. Біз қырғыз-қазақ жемісті ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге дайынбыз», - деп толықтырды С.Жапаров.

Кездесу барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер, сондай-ақ жақын арадағы жоғары және аса жоғары деңгейдегі кездесулердің кестесі талқыланды. Тараптар қазақ-қырғыз саяси өзара іс-қимылының ауқымын кеңейтуге және қазіргі саяси байланыстарды нығайтуға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

Сапар соңында қазақстандық делегация ұлы қазақ ақыны және ойшылының 175 жылдығын мерекелеу аясында ашылған Бішкектегі Абай атындағы Қырғыз-қазақ мәдениет орталығында болды. Орталықтың қызметі танымал ақынның шығармашылығын дәріптеуге және Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы мәдениетаралық байланыстар мен гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі